Конференция лигасы: «Астана» «Динамо Ситиге» есе жіберіп, жарысты аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін 16 шілде күні UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Астана» Албанияның «Динамо Сити» командасымен қарымта ойын өткізді.

Фото: «Астана» футбол клубы

Албанияның Эльбасан қаласында өткен алғашқы кездесуде «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесудегі жалғыз голды 69-минутта Рамазан Кәрімов соққан еді.

Сондықтан бүгінгі ойын барысында албаниялық клуб алғашқы минуттан шабуылға иек артты. Соған қарамастан олар 24-минутта өзінің айып алаңында дөрекі әрекетімен көзге түсті. Төреші белгілеген пенальтиден Бауыржан Исламхан мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезеңде албаниялық клуб белсенділігін арттырды. Алдымен 50-минутта Бруно Дита пенальтиді шебер орындаса, одан кейін 62-минутта Хекуран Бериша мергендік танытты.

Осылайша «Динамо Сити» 2:1 есебімен алға шықты.

Нәтижесінде екі кездесудің нәтижесі теңесіп, ойын қосымша кезеңге ұласты.

Қосымша кезеңде Лоренцо Виля 93, Мұстафа Кома 123-минутта гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Астана» қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберіп, жарысты аяқтады.

«Динамо Сити» командасының сексен жылға жуық тарихы бар. Бұл клуб 2023 жылға дейін жанкүйерлер қауымына «Динамо Тирана» деген атаумен жақсы белгілі.

«Динамо Сити» - Албаниядағы ең танымал клубтардың бірі. Олардың еншісінде қазірге дейін 18 чемпиондық атақ бар. Дегенмен олар соңғы рет мұндай мүмкіндікке 2009/2010 жылғы маусымда ие болған еді. Биыл олар еурокубок ойындарына қатысуға былтыр ел кубогын жеңіп алғаны үшін мүмкіндік алды.