Елордалық клуб C тобында сынға түседі. Қарсыластары – Хорватияның «Динамо Загреб» (Хорватия), Чехияның «Виктория Пльзень» және Косовоның «Балкани».
Бүгінгі кездесуде командалар бірден шабуылға шықты. Жеңіске жеткен жағдайда екеуі де турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алатын еді.
Қазақстандық команда алғашқы екі ойында «Динамо Загребтен» – 1:5, «Виктория Пльзеньнен» 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Сондықтан олар бірден гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 7-минутында елордалық клубтан Камо Оганесян есеп ашса, 9-минутта «Балкани» сапынан Эдвин Куч таразы басын теңестірді.
Ал 23-минутта Тимур Досмағанбетовтің бұрыштамадан әуелете берген добын Абзал Бейсебеков баспен соғып, «Астананы» тағы алға шығарды.
Осылайша, елордалық команда қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, топтық кезеңдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Енді қазақстандық клуб алдағы ойынын 9 қарашада Астанада «Балканиге» қарсы өткізеді.