АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» мен «Корвинул» (Румыния) кездесуінде түркиялық төрешілер қызмет атқарады.
Бас төреші міндеті Атилла Караогланға жүктелген. Оған Джейхун Сесигюзел мен Абдулла Эзкара көмектеседі. Төртінші төреші де түркиялық – Чагдаш Алтай.
Айта кетсек, «Астана» мен «Корвинул» (Румыния) кездесуі 14 тамызда Алматы қаласында өтеді. Матч жергілікті уақытпен 19:00-де басталады.
Екі команда арасындағы алғашқы ойында астаналық клуб қарсыласын 2:1 есебімен жеңген болатын.
«Астана» турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы айналымда Молдованың «Милсами» клубын (1:0, 1:1) қапы қалдырды.
Сондай-ақ аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңінде 15 тамызда шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Арменияның «Пюник» клубымен қарымта ойын өткізеді. Алғашқы кездесуде қазақстандық команда өз алаңында қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.