АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі елордалық «Астана» мен Швейцарияның «Лозанна» командаларының қарымта кездесуінде қай елдің төрешілері қызмет атқаратыны белгілі болды.
Бұл ойын 14 тамызда 18:50–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде швейцариялық клуб 3:1 есебімен басым түсті.
«Лозанна» командасы 1896 жылы құрылған. Өз елінде жеті мәрте чемпион атағын жеңіп алды.
Аталған матчта Словениядан келген Мартин Матошиге бас төреші міндеті жүктелген. Оған отандастары Александар Касапович мен Матиц Межнар көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Денис Шабанагич болады.
Айта кетсек, «Астана» мен «Лозанна» жұбының жеңімпазы плей-офф сатысында «Бешикташ» (Түркия) пен «Сент-Патрикс Атлетик» (Ирландия) жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады. Ойындар 21 және 28 тамыз күндеріне белгілеген.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.