Конференция лигасы: «Астана» португалиялық «Витория» командасымен тең тарқасты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы Орталық стадионда «Астана» футболдан Конференция лигасының 4-турында Португалияның «Витория» (Гимарайнш) командасымен кездесті.
Осыған дейін португалиялық клуб 9 ұпаймен Конференция лигасының жалпы кестесінде доп айырмасына байланысты 5-орында тұрса, астаналықтар (3 ұпай) 25-сатыда еді.
Алғашқы сегіздікке іліккен командалар лиганың 1/8 финалына жолдама алады. Ал 9-24-орын алғандар плей-офф бәсекелерін өткізіп, қалған жолдамаларды сарапқа салады.
Астаналықтар алғашқы ойынында жеңгенімен, одан кейін түздегі екі матчқа қосалқы құрамды апарып, жеңіліп қалған еді.
Бұл жолы «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян алаңға негізгі құрамды шығарды. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ян Вороговскийден басқалардың бәрі легионерлер еді.
Бірінші тайм соңына таман, 40-минутта «Астана» сапындағы хорватиялық Бранимир Калаица есеп ашты – 1:0. Екінші кезеңде қонақтар жиірек шабуылдап, елордалықтар қорғанысқа ден қойды. Ақыры 89-минутта алаңға екінші таймда шыққан венесуэлалық Хесус Рамирес баспен қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:1. Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, ұпай санын 4-ке жеткізген «Астана» енді 12 желтоқсанда Англияның атышулы «Челси» командасын қабылдайды. Ағылшын клубы әзірге бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Конференция лигасында «Астананың» Алматыда «Витория» командасын қабылдайтынын жазған болатынбыз.