Конференция лигасы: «Астана» Румынияның «Корвинул» командасын ойсырата жеңді

Фото: fca.astana

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Астана» Румынияның «Корвинул» командасымен қарымта ойын өткізді.

Кездесу барысында елордалық клуб жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде жасыл алаң төрінде емін-еркін ойнай білді. Десе де ойынның бірінші кезеңінде елордалық клуб небәрі бір ғана гол соқты. Оны 13-минутта Джеффри Чинеду өзінің еншісіне жазды. 

Екінші кезең «Астананың» толық басымдығымен өтті. Елордалық клубтан Марин Томасов 57, 76-минутта мергендік танытса, Джеффри Чинеду 63-минутта тағы бір мәрте көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Ал Назми Грипши 73, Эльхан Астанов 84-минутта басымдықты арттырса, оған «Корвинул» сапынан Михай Велисар 78-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Астана» қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. 

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен басым түскен еді.

Енді «Астана» аталған турнирдің плей-офф сатысында «Сент-Миррен» (Шотландия) мен «Бранн» (Норвегия) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Сондай-ақ 15 тамызда шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Арменияның «Пюник» клубымен ойнайды. Алғашқы матчта «Ордабасы» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.