Конференция лигасы: «Астана» және «Ақтөбенің» алдағы қарсыластары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Астана» және «Ақтөбе» клубтарының UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды.

Фото: «Астана» футбол клубы

Елордалық «Астана» Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде Молдованың «Зимбру» командасын жеңген жағдайда үшінші іріктеу кезеңінде оған «Вардар» (Солтүстік Македония) және «Лозанна» (Швейцария) жұбының жеңімпазы қарсылас атанады. Елордалық команда еурокубоктағы алғашқы ойынын екінші іріктеу кезеңінен бастап отыр.

Ал «Ақтөбе» екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Спарта» клубын қапы қалдырған жағдайда «Арарат» (Армения) — «Университатя» Клуж (Румыния) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Жарыстың аталған сатысындағы ойындар 7 және 14 шілде күндеріне белгіленген.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Ақтөбе» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» клубына (0:1, 0:1) жол берді. 

Сондай-ақ Алматылық «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде 22 және 29 шілде күндері Финляндияның «КуПС» командасына есе жіберген жағдайда Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінде ойнауға мүмкіндік алады.

Бұл жолы олар аталған турнирде РФШ (Латвия) мен «Мальмё» (Швеция) жұбының жеңілген командасымен кездеседі. 

Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» командасының UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы анықталды.