Конференция лигасы: Бүгін «Астана» хорватиялық «Динамо Загреб» командасымен кездеседі

Фото: Фото: @kff_team

Футболдан УЕФА Конференция лигасы бесінші турында бүгін «Астана» мен «Динамо Загреб» (Хорватия) кездесуі өтеді, деп хабарлайды Kazinform.

Кездесу 30 қарашада елорда уақытымен 21:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Астана» мен «Динамо Загреб» бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Барлығында хорватиялық клуб басым түсті.

Ойын барысында шотландиялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Бас төреші - Джон Битон. Оған Дэниэл Макфарлейн мен Алан Малвэнни көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі - Мэтью Макдермид.

«Астана» командасы C тобында ойын көрсетеді. Төртінші турдан кейін «Виктория Пльзень» (Чехия) - 12 ұпай жинаса, «Балкани» (Косово) мен «Астана» - 4, «Динамо Загребте» - 3 ұпай бар.

Қазірге дейін астаналық клуб сырт алаңда «Динамо Загребке» 1:5, өз алаңында «Виктория Пльзеньге» 1:2 есебімен жеңілді. Сондай-ақ, «Балканиді» сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнады.

Еске салсақ, футболдан чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» бір тур бұрын плей-офф сатысына шықты.