Конференция лигасы: «Ордабасы» екінші айналымға шыға ала ма
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкенттік «Ордабасы» футбол командасы UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасымен қарымта ойын өткізеді.
Кездесу қазақстандық уақытпен сағат 21:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Торпедо» командасы 1946 жылы құрылған. Грузияның Умаглеси лигасында 1999/00, 2000/01, 2001/02, 2017 жылдары чемпион атағына қол жеткізді. Былтыр өз елінде күміс жүлдегер атанды.
Алғашқы ойында грузиялық клуб 4:3 есебімен басым түскен еді.
Аталған команда еурокубок ойындарында қазақстандық клубтармен үш мәрте кездесті. Алдымен 2012 жылы Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» (1:1, 0:1) жол берсе, одан кейін «Ордабасыға» (0:2, 0:1) қарсы тұра алған жоқ.
Ал 2023 жылы Конференция лигасында тағы да «Ақтөбеге» (1:4, 2:1) есе жіберіп қойды.