Конференция лигасы: «Тобыл» «Санкт-Галлен» командасынан ойсырай жеңілді

Фото: Фото: instagram.com/ fctobol

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Тобыл» сырт алаңда Швейцарияның «Санкт-Галлен» командасымен кездесті.

Еурокубок ойындарында сынға түсіп жатқан қазақстандық командалар арасында «Тобылға» қолайсыз қарсылас түсті. 1879 жылы құрылған команда қазірге дейін өз елінде 1903/04, 1999/2000 жылдардағы маусымда екі мәрте чемпиондық атақты жеңіп алған. Десе де команда футбол дамыған мемлекетте ойнайды. Сондықтан олардың тәжірибесі мол екені белгілі.

Алғашқы минуттан швейцариялық команда тізгінді қолға алуға тырысты. Оған қарсы қостанайлық команда футболшылары сауатты ойнай білді. Есесіне олар қарымта шабуылдар ұйымдастырып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 28-минутында қостанайлық Игор Ивановичтің қақпаға бағыттаған добы «Санкт-Галлен» футболшысы Альберт Вальчидің аяғына тиіп, бағыты өзгерген доп қақпа торында тулап жатты. Швейцариялық футболшы автоголдың авторы атанды.

Өз қақпасына гол жіберіп алғаннан кейін «Санкт-Галлен» басымдықты арттыра түсті. Нәтижесінде олардың қатарынан Михайло Стеванович 35, Шадрак Аколо 39-минутта екі гол соғып кетті.

Швейцариялық командадан Бастьен Тома 77, Альберт Вальчи 97-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Енді қарымта ойын 1 тамызда Қостанай қаласында өтеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде «Астана» «Милсамимен» тең түсті.

Еске салсақ, Конференция лигасында 24 шілдеде «Ордабасы» «Дифферданж-03» командасына есе жіберді.