Кездесу барысында қазақстандық команданың белсенділігі байқалып тұрды. Соған қарамастан алғашқы голды литвалық клуб соғып кетті. Олардың қатарынан қорғаушы Сейдина Кейта 45-минутта мергендік танытты.
Ойынның екінші кезеңінде 60-минутта «Паневежис» қақпасына пенальти белгіленген еді. Оны орындау барысында қостанайлық клубтың капитаны Асхат Тағыберген мүлт кетті.
Ал 84-минутта «Тобыл» сапынан Неманя Цавнич баспен гол соғып, таразы басын теңестірді.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Қарымта кездесу 30 шілдеде Қостанай қаласында болады.
Қазақстандық клуб үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.
«Паневежис» командасы 2015 жылы құрылған. 2019 жылдан бері өз елінде жоғары А лигасында ойын көрсетіп келеді. 2023 жылы алғаш рет ел чемпионы атағын жеңіп алды. Былтыр олар ел кубогында жеңімпаз тұғырынан көрінді.