АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан UEFA Конференция лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық «Астана» Норвегияның «Бранн» командасымен ойын өткізді.
Кездесу барысында норвегиялық команда екі гол соғып кетті. Олардың қатарынан Феликс Мюре 12-минутта есеп ашса, Бор Финне 70-минутта мергендік танытты.
Осылайша елордалық клуб алғашқы ойында қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.
Енді қарымта ойын 29 тамыз күні өтеді.
«Бранн» командасы Берген қаласында 1908 жылы құрылған. Норвегия чемпионатында үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Бүгінге дейін еурокубок ойындарында бірнеше мәрте бақ сынады. 2007/08 жылғы маусымда UEFA кубогының топтық кезеңінде өз тобында үшінші орын алды.
«Астана» турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы айналымда Молдованың «Милсами» клубын (1:0, 1:1) қапы қалдырса, одан кейін Румынияның «Корвинул» командасынан (2:1, 6:1) басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.