Конфренция лигасы: Бүгін «Астана» Чехияның «Виктория Пльзень» командасымен кездеседі

Фото: Фото: ҚазАқпарат/Мұхтар Холдорбеков

Қазақстандық «Астана» бүгін футболдан Конференция лигасы топтық кезеңінде екінші ойынын Чехияның «Виктория Пльзень» командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 20.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Елордалық клуб С тобында сынға түседі. Қарсыластары - «Динамо Загреб» (Хорватия), «Виктория Пльзень» (Чехия) және «Балкани» (Косово).

Кездесуге португалиялық Густаву Коррея бас төреші ретінде бекітілген. Оған отандастары Руй Тейшейра мен Педру Алмейда көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Элдер Филипе.

«Виктория Пльзень» 1911 жылы құрылған. Қазірге дейін өз елінде 6 мәрте чемпион атанса, 4 мәрте екінші орын алды.

Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып, бірнеше мәрте топтық кезеңде сынға түсті.

Алғашқы турда «Астана» Хорватияның «Динамо Загреб» командасына 1:5 есебімен есе жіберсе, «Виктория Пльзень» Косовоның «Балкани» клубын 1:0 есебімен сүріндірді.

Еске салсақ, «Виктория Пльзень» биыл Конференция лигасы плей-офф сатысында қостанайлық «Тобылды» қапы қалдырып кетті.