Конго ДР-да көтерілісшілер 50 тұрғынды ұрлап кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасының (КДР) шығысындағы Итури провинциясында «Демократиялық альянс күштері» (ADF) көтерілісшілер тобының шабуылынан 5 бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы 50 адам ұрланды, деп хабарлайды Анадолу агенттігі .

Фото: Анадолу

Ұлттық БАҚ мәліметінше, ADF содырлары Итури провинциясының Мамбаса ауданындағы Бабила-Бабомби ауылдық аймағында бейбіт тұрғындарға қарулы шабуыл жасаған.

Бабила-Бабомбиге жақын Каубели өзені маңындағы шабуылдан 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. Ал Килибо ауылындағы ауыл шаруашылығы алқаптарында жүрген 50 фермерді ADF содырлары ұрлап кеткен.

Қазір өңірде ұрланған тұрғындарды іздеу және шабуыл жасағандарды залалсыздандыру мақсатында іздестіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету операциялары жалғасып жатыр.

КДР билігі бұл шабуылға қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

23-25 шілде аралығында Мамбаса ауданында ADF мүшелері жасаған екі шабуылдан кемінде 32 бейбіт тұрғын қаза тауып, көптеген адам ұрланған.

Топ мүшелері адамдарды ақша талап ету мақсатында жиі ұрлап әкетеді.

ADF өз қызметін Уганда мен КДР аумағында 1990 жылдардың соңында бастаған. Ұйым Уганданың Ұлттық азат ету армиясының (NALU) бұрынғы мүшелері, Уганданың Мұсылман азат ету армиясы және «Уағыз қауымы» секілді қозғалыстардың бірігуі нәтижесінде құрылған.

2014 жылдан бері ADF шабуылдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

Айта кетейік, бұған дейін ДДҰ Конго ДР-дағы Эбола ел тарихындағы ең ірі індетке айналғанын мәлімдеген-ді.