ДДҰ өкілі Мэг Доэртидің Женевада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеуінше, зерттеудің екінші кезеңін өткізуге рұқсат өткен аптада алынған. Сынақтарды 26 немесе 27 қарашада Буниа қаласында бастау жоспарланып отыр.
Вакциналардың бірі – ChAdOx1 препаратын Оксфорд университеті Үндістанның сарысу институтымен (Serum Institute of India) бірлесіп әзірлеген. Екінші вакцинаны америкалық Moderna компаниясы жасаған.
Зерттеудің жаңа кезеңінде ғалымдар препараттардың қауіпсіздігін және иммундық жауап қалыптастыру қабілетін тексереді. Белгіленген талаптарға сай келетін вакциналар тиімділігін бағалау үшін зерттеудің үшінші кезеңіне жіберіледі.
Tumani клиникалық зерттеуі 23 қазанда басталған. ДДҰ мәліметінше, оған қазірдің өзінде 140-тан астам ерікті қатысып жатыр. Алдағы уақытта қосымша зерттеу алаңдарын ашу және мобильді медициналық топтарды тарту арқылы қатысушылар санын бірнеше мыңға дейін арттыру көзделген.
ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус аурудың таралуы жалғасып жатқан тұста жаңа вакциналарды әзірлеудің маңызын атап өтті.
Оның мәліметінше, тіркелген жұқтыру деректерінің саны 11 300-ден, ал қайтыс болғандар саны 5 500-ден асқан. Апта сайын 400-ден 500-ге дейін жаңа жағдай анықталады.
ДДҰ басшысы медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар мен науқастарды анықтаудың кешігуіне де алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдайлар инфекцияның таралуына қарсы күресті қиындатып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусынан 5,5 мыңнан астам адам қайтыс болғанын жаздық.