Конго-Қырым геморрагиялық безгегі ауруы бойынша күмәнды есептер бергені үшін Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігері қызметінен кетуі мүмкін

АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жамбыл облысының Бас санитарлық дәрігері Серік Қасмақасов ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке Конго-Қырым геморрагиялық безгегі (КҚГБ) ауруы бойынша өңірдегі жағдай туралы күмән тудырарлық есептер бергені үшін қызметінен кетуі мүмкін.

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында ведомство басшысы мен ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдері, КҚГБ-ның табиғи ошақтары мен 2010 жылғы эпидемиялық маусымға дайындық бойынша елдің Бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов пен вирус кең тарап отырған - Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстары әкімдері орынбасарларының есептерін тыңдады.

Мәселен, ОҚО әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков, аймақта КҚГБ ауруына қарсы барлық алдын алу шаралары жүргізіле бастағандығы туралы айтып, аймақ эпидемиологиялық маусымға толығымен дайын деп сендірді. Өз кезегінде Ж.Досқалиев, ОҚО-да атқарылып жатқан шараларға қанағаттанбайтынын білдіріп, өңірде үстіміздегі сәуір айының өзінде індетке шалдығудың 2 оқиғасы тіркелгендігін алға тартты.

«Бұл іс жүзінде ме, әлде қағаз жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар ма?! Егер бөлінген қаражат жетпей жатса Үкімет тарапынан көмектерді жұмылдыратын боламыз», - деді ол.

Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепбергеннің есебін Денсаулық сақтау министрі тіпті күмәнданарлық деп тапты. Мәселен, бұған дейін зерттеу жүргізу үшін бір жылда кенелердің 28 мыңға жуығы ұсталған болса, М.Төлепберген есеп берген сәуір-мамыр айларында, яғни 12 күннің ішінде санэпидмамандары олардың 30 мыңға жуығын ұстап үлгерген болып шықты.

Облыс бойынша КҚГБ-ның нақты жағдайын көрсетпейтін осы сынды бірнеше күмәнданарлық көрсеткіштердің болуы себепті, Ж. Досқалиев елдің Бас санитарлық дәрігері К.Оспановқа Жамбыл облысы әкімдігіне КҚГБ ауруы бойынша күмәнданарлық есептер бергені үшін облыстың Бас санитарлық дәрігері Серік Қасмақасовқа қызметінен босатуға дейінгі шараларды қолдануды тапсырды.

«Бұл қатерлі індет екенін тағы қайталап айтамын. Адамдардың тағдырларымен бұлай ойнамау керек», - деді министр.

Айта кетейік, 2005-2009 жылдар аралығында ОҚО-да КҚГБ ауруының алдын алу жұмыстарына қаражат мүлдем бөлінбей келген. Өткен жылы республика бойынша тіркелген 26 оқиғаның 22-сі осы өңірде анықталды. Сол жылдан бастап індетке қарсы жұмыстарға облыс бюджетінен қаражаттар қайта бөліне бастады. 2010 жылы осы мақсаттарға ОҚО-да - шамамен 250 миллион, Жамбыл облысында - 44,1 миллион және Қызылорда облысында - 35 миллионнан астам теңге бөлінді.