«Конго-Қырым қанды безгегінен сақтанып, оның алдын алу үшін адамдар арнайы киім киюі тиіс. Негізінен кенелер өз «олжасын» көктемгі және жазғы маусымдарда жол бойындағы шөптесіндерде, ормандағы сулардың жағасындағы жасыл желектерде және бұталардың шыбықтарында аңдып тұрады. Сондықтан орманда жолдың ортасында жүрген ләзім. Орманда түнеу барысында су және қалың шөптен аулақ, биік жерде дамылдаған дұрыс», - деді ол «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісімен сұхбаттасу кезінде.
Оның айтуынша, кенелер қалың киімнен өте алмайды. Сондықтан дененің ашық қалуын болдырмау қажет. Киімнің мойын жағасы мен жеңдері денеге жабысып тұруы тиіс. Қолға және мойынға арнайы заттарды жағып отырған дұрыс.
«Кенелер денеге бірден қадалып, қан алмайды. Олар біраз уақыт киімде және денеде терісі жұқалау, қозғалыс барысында кедергі келтірмейтін ыңғайлы орын іздейді. Сондықтан үйге келісімен киімнің және дененің барлық жерлерін қарап шыққан жөн. Әсіресе ұйқыға жатар алдында киімдерді жіті тексеріп, балалардың денесін қарап шығу қажет. Егер кене шаққан болса, оны теріден бірден алып тастауға асығыңыз», - деп атап өтті ол.
Кенені денеден алмас бұрын оны жермаймен немесе вазелинмен жаққан абзал, сол кезде кенелер тез алынады. Оны алғаннан соң қолды сабынмен жуып, жараға йод жағып қойған ләзім. Сосын міндетті түрде дәрігерлерге көріну керек.