Конго-қырым қанды безгегінен сақтану үшін қосымша 588 млн. теңге бөлінуі тиіс - Б. Жылқышиев

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына сауал жолдаған сенатор Болат Жылқышиев Үкіметтен Оңтүстік Қазақстан облысына конго-қырым қанды безгегінен сақтану үшін қосымша қаражат бөлуді сұрады.

«Оңтүстік Қазақстан өңірі эпидемиологиялық, әсіресе конго-қырым қанды безгегі инфекциясының таралуы бойынша жағымсыз аймақ болып отыр. Эпидемиологияға қарсы жүйелі шаралардың қамтылмауы салдарынан соңғы жылдары бұндай кеселді жайттар орын алып келеді. 2009 жылғы шілде айында аталған жұқпалы дерттің 23 оқиғасы тіркелді. Онда 8 адам қайтыс болды. Ал ағымдағы жылдың өзінде қанды безгекті жұқтырудың 10 оқиғасы орын алып, 3 адам көз жұмды», деді Б. Жылқышиев.

Сенатордың айтуына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі аталған жұқпалы нәубетпен күреске 380 млн. теңге бөлген. Ал жүргізілген шаралардың тиімділігі тек 40-45 күннен соң ғана белгілі болатын көрінеді. Сондықтан да, жүргізілген жүйелі шараларды ағымдағы жылғы маусым-шілде айларында тағы қайталау қажет.

«Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысына аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 588 млн. теңге бөлуді сұраймын», деді сенатор.