Конгода Эбола індеті босқындарға арналған лагерьлерге таралды

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ гуманитарлық агенттіктері Конго Демократиялық Республикасында (КДР) тез таралатын Эбола вирусының Бундибуджио түрін 19 ішкі босқын жұқтырғаны, олардың бесеуі қайтыс болғаны туралы хабарламалар аясында жоғары дайындық деңгейінде, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Фото: unsplash

БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары (БҰҰ БІЖК) Итури провинциясында босқындарға арналған 69 лагерьдің кем дегенде бесеуінде Эбола ауруының анықталғанын растады. Бұл онсыз да қауіпті індетке қарсы күресті одан әрі қиындатып отыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, 15 мамырда індет ресми түрде жарияланғаннан бері шамамен 4000 жағдай және 1800-ден астам өлім тіркелген. Аурудың таралу ошағы Итури провинциясы болып қалып отыр.

БҰҰ БІЖК босқындар мен баспана іздеушілер арасында әзірге ешқандай жағдай анықталмағанын атап өтті. Әйтпесе, вирус КДР тыс жерлерге таралу қаупін төндіретін еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус атап өткендей, эпидемияның рекордтық ауқымы оны тежеу жұмыстарын айтарлықтай қиындатып отыр.

- Біз барлық жауап беру салаларында және барлық серіктестің қатысуымен күш-жігерімізді шұғыл түрде күрт кеңейтуіміз керек дегенмен келісеміз, - деп жазды Гебрейесус әлеуметтік желілерде Конго Демократиялық Республикасының астанасы Киншасаға сапары кезінде.

Лагерьлер үшін қауіп артты

Эбола ауруын жұқтыру расталған Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву, Жоғарғы Уэле және Чопо провинцияларында қазіргі уақытта шамамен 4,4 млн ішкі қоныс аударған адам тұрады. Эпидемиядан зардап шеккен аймақтар көбінесе КДР шығысындағы қақтығыстан ең көп зардап шеккен аймақтармен сәйкес келеді.

БҰҰ БІЖК қоныс аудару лагерлерінің тұрғындары көбіне су мен санитарлық-гигиеналық нысандарға қол жеткізе алмайтынын және денсаулық сақтау қызметтеріне сенімсіз екенін ескертті. Мұның бәрі Эбола вирусының одан әрі таралуына қолайлы жағдай жасайды.

Эпидемияға қарсы шараларды кеңейту

БҰҰ гуманитарлық серіктестермен және КДР билігімен бірлесіп бақылау, зертханалық тексерулер, емдеу және қоғаммен байланыс орнатуды кеңейтуді жалғастырып келеді. Елдегі БҰҰ бітімгершілік күштері денсаулық сақтау мекемелеріне шабуылдардың алдын алу үшін де жұмыс істеп жатыр.

Мамыр айында БҰҰ Бас хатшысының Гуманитарлық істер жөніндегі орынбасары Том Флетчер Эбола індетімен күресу үшін Орталық төтенше жағдайларға жауап беру қорынан 60 млн доллар бөлінетінін жариялады. Сонымен қатар ДДҰ және оның серіктестері мамандандырылған емдеу орталықтарын құруды және қолдауды жалғастырып отыр.

Осыған дейін Конго ДР-дағы Эбола ел тарихындағы ең ірі індетке айналғанын жаздық. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күресті күшейту үшін халықаралық қауымдастықты қосымша қолдау көрсетуге шақырды.