Оның айтуынша, елдің үш провинциясы мен 24 медициналық аймағында аурудың 344 расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 60 науқас көз жұмған. Сонымен қатар күдікті жағдайлар саны өткен аптадағы мыңнан астам көрсеткіштен қазіргі 116 жағдайға дейін азайған.
Жуырда Конго Демократиялық Республикасына сапармен барып қайтқан Тедрос Аданом Гебрейесус індетпен күреске жергілікті билік пен медицина қызметкерлерінің белсенді қатысып жатқанын атап өтті.
— Мен көрген жағдайлар маған үміт сыйлады. Дегенмен шешімін күткен мәселелер әлі де бар, — деді ол.
ДДҰ басшысы бірлескен күш-жігер мен үйлестірілген іс-қимылдардың арқасында Эбола індетінің таралуын тежеуге бағытталған шаралар оң нәтиже бере бастағанын айтты. Оның сөзінше, қабылданып жатқан шаралар аурудың одан әрі таралуын бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Еске салайық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күреске алдағы үш айда 115 миллион АҚШ доллары қажет екенін мәлімдеді.