Конгода Эбола вирусын жұқтырғандар саны 12 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында 2026 жылғы мамырда басталған Эбола індетінен 12 021 адам вирус жұқтырған. Аурудан 5 904 адам қайтыс болды. Бұл туралы Anadolu агенттігі жазды.

Фото: Аnadolu

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, билік Конго Демократиялық Республикасы тарихындағы ең ірі індетпен күресті жалғастырып жатыр. Алайда қарулы қақтығыстар мен жергілікті тұрғындардың қарсылығы инфекцияның таралуын тежеу шараларын қиындатып отыр.

Мамыр айында вирус жұқтырғандар тек бір провинцияда тіркелсе, қазір инфекция сегіз провинцияға тараған. Олар — Жоғарғы Уэле, Итури, Солтүстік және Оңтүстік Киву, Төменгі Уэле, Чопо, Оңтүстік және Солтүстік Убанги.

Апта басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Итури провинциясындағы аурухана маңында болған қарқынды ұрыс қимылдары індетпен күрес жұмыстарына кедергі келтіргенін хабарлады. Осыған байланысты ДДҰ мамандары Монгбвалу ауданынан уақытша эвакуацияланды. Бұған дейін медицина қызметкерлері аурухананың перзентхана бөлімінде 24 сағаттан астам уақыт бойы шыға алмай қалған.

Осы аптада ДДҰ мен Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (Africa CDC) Бундибуджио вирусының таралуына дайындық және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңартылған құрлықтық жоспарды таныстырды. Жоспар 2026 жылғы қарашадан 2027 жылғы мамырға дейінгі кезеңді қамтиды.

ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, жоспар жергілікті тұрғындарды індетпен күреске белсенді тартуды, ауруды ерте анықтау мен медициналық көмек көрсету шараларын күшейтуді, сондай-ақ мемлекеттер мен халықаралық серіктестердің күш-жігерін үйлестіруді көздейді.

Еске салайық, бұған дейін Конго ДР-да Эболаға қарсы екі жаңа вакцинаның клиникалық сынағы басталатынын хабарлаған едік.