Конго Демократиялық Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы тәулікте Эболадан қайтыс болғандар саны 18 адамға артып, 82-ге жеткен.
Сонымен қатар тіркелген инфекция жұқтыру жағдайлары 71-ге көбейіп, жалпы саны 452 адамды құрады. Жаңадан анықталған науқастардың елеулі бөлігін әйелдер құрайды.
Ведомство өкілдері көрсеткіштердің күрт өсуі тек инфекцияның таралуымен ғана байланысты емес екенін атап өтті. Бұған қоса, медицина қызметкерлері індеттің негізгі ошағы саналатын Итури провинциясының бұрын жету қиын болған аудандарына кіре алған.
Атап айтқанда, әңгіме Махаги ауданы туралы болып отыр. Угандамен шекарада орналасқан бұл аумақта бұған дейін қарулы топтардың әрекеті медициналық жұмыстарға кедергі келтірген.
Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда билігі Эболаның жаңа өршуі басталғанын 15 мамырда жариялады.
Африка одағының бағалауынша, қазіргі жағдай 1976 жылы вирус алғаш рет анықталғаннан бергі ең ауқымды әрі ең ауыр індеттердің бірі саналып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Кенияда Эбола карантин орталығын ашуға қарсы шеру кезінде екі адам қаза тапқанын жаздық.