Конгода қайық аударылып, 50 жолаушы қаза тапты

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Демократиялық Конго Республикасының Экватор провинциясында Конго өзенінде қайық аударылып, 50 адам көз жұмды, деп жазды Анадолы.

Бұл туралы Экватор аймағының Қызыл Крест ұйымының басшысы Майтр Коломба Мампунья ұлттық телеарна RTNC-ге берген сұхбатында хабарлады.

Оның айтуынша, апат Майита қаласынан көп қашықтықта болған.

Аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. 

Билік органдары құрбандардың саны артуы мүмкін екенін болжап отыр. 

Конгода асфальтталған жолдар тапшы. Сол себепті халқы өзендер мен көлдер арқылы қатынасады.  

Мұндай апаттар көбінесе нөсерлі жаңбыр маусымында болады әрі кемелердегі техникалық ақауға байланысты болуы мүмкін. Көп жағдайда жолаушылар мен жүкті шамадан тыс тиегендіктен де апат болып тұрады. 

Бұған дейін хабарланғандай, Конгоның 28 миллион тұрғыны азық-түлікке мұқтаж.