Конгода мыңдаған адам үйін тастап қашуға мәжбүр болды

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның гуманитарлық ұйымдарының өкілдері сәрсенбі күні Конго Демократиялық Республикасының (КДР) оңтүстік-шығысында тамыз айынан бері зорлық-зомбылықтың күшеюіне байланысты мыңдаған адам баспанасын тастап кеткенін мәлімдеді, Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.

Фото: БҰҰ жаңалықтары

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының (OCHA) хабарлауынша, ұйымның серіктестері дүйсенбі күні Жоғарғы Ломами провинциясындағы Намбья ауданынан шамамен 12 мың адам Жоғарғы Катанга провинциясының Митваба аумағына қашуға мәжбүр болған. Мәліметке сәйкес, шабуыл салдарынан екі тұрғын қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Сондай-ақ адам ұрлау оқиғалары тіркелген.

Басқарманың хабарлауынша, осы айдың басында шабуылдардан қашқан 14,5 мыңға жуық отбасыға кейін үйлерін тастап кеткен тағы бірнеше мың отбасы қосылған. Көшіп келген адамдарды қабылдап жатқан елді мекендерге түсетін салмақ артып, гуманитарлық көмекке деген қажеттілік күшейген. Әсіресе, қауіпсіздік, баспана, азық-түлік, медициналық көмек, ауызсу және санитария салаларында қолдау қажет.

Ведомство зорлық-зомбылық одан әрі өршитін болса, тағы да көп отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл мұқтаж адамдарға көмек көрсету жұмысын да қиындата түсуі ықтимал.

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы барлық тарапты бейбіт тұрғындарды қорғауға, халықаралық гуманитарлық құқықты сақтауға және мұқтаж адамдарға гуманитарлық көмектің қауіпсіз, тұрақты әрі кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге шақырды.

Еске салайық, жаздың соңында Конгода көтерілісшілер 50 тұрғынды ұрлап кеткен болатын.