Конгресс-Холда тамақ және ауыл шаруашылығына қатысты екі халықаралық көрме өтіп жатыр

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Тамақ өнеркәсібінің «InterFood Astana 2009» және Ауыл шаруашылығының «AgriHort Astana 2009» қазақстандық халықаралық көрмелері ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «InterFood Astana 2009» көрмесі жұмыс істеп келе жатқан 11 жылдың ішінде тамақ, қайта өңдеу және қаптама индустриясы саласындағы отандық және шетелдік мамандардың дәстүрлі кездесу орнына айналды. Көрмеге қатысушылар кондитерлік, макарон, сүт, балық, ет және шұжық өнімдерін, спиртті және алкогольсіз сусындарды, шырындар, қаптамалар және соған қатысты қызмет түрлерін ұсынуда. Көрме шеңберінде сондай-ақ «Сапа дәстүрлері» атты азық-түлік және алкогольді сусындардың дегустация-байқауы өтеді. Жеңімпаздар марапатталған өнімді таңбалау кезінде медальдің логотипін қолдану құқығына ие болады. Ал екінші - «AgriHort Astana 2009» көрмесінде ауыл шаруашылығына қажетті жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері, астықтың ылғалын өлшейтін және өсімдіктерді қорғау құралдары, ветеринарлық дәрі-дәрмектер мен тыңайтқыштар назарға ұсынылған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Құс өсірушілері одағының қолдауымен ұйымдастырылған көрмеге 11 елден - Қазақстан, Үндістан, Италия, Қытай, Корея, Польша, Ресей, Словения, Украина, Чехия және Эстониядан барлығы 50 компания қатысып отыр. Екі көрме де маусымның 12-сіне дейін жұмыс істейді.