Конгресс-холл салынады: Семейде жерге қатысты дау туды

Фото: Бахтияр Қабыкеннен

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Редакциямызға хабарласқан Семей қаласының тұрғыны Бахтияр Қабыкен өз атындағы жер телімін әкімдіктің заңсыз алайын деп жатқанын жеткізді.

Өз сөзінде ол жер «мемлекет мұқтаждығы үшін» алынғалы жатқанын, алайда шын мәнінде бұл аумақта Конгресс-холл сынды коммерциялық нысан салынбақ екендігін алға тартты. Kazinform тілшісі осы мәселеге зерттеу жүргізіп көрді.

Мұраға қалған жер

Бахтияр Қабыкеннің айтуынша, Өтепбаев көшесі, 47 үй мекенжайындағы бұл жер ата-апасынан мұраға қалған. Жердің жалпы ауданы — 0,0770 гектар. 

Оның сөзінше, бұл аумақта Конгресс-холл салынбақшы.

— Семей қаласы әкімінің 2023 жылғы 30 қазандағы № 880 қаулысына сәйкес Театральная, Баздырев және Молдағалиева көшелерінде Конгресс-холл құрылысы жоспарланғаны жазылған. Алайда Үкіметтің 2024 жылғы 7 қазандағы № 825 қаулысымен бекітілген Семей қаласының бас жоспарына сәйкес бұл аумақта көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Жер кодексінің 84-бабы 5-тармағында: «Жер учаскесін мемлекеттік мұқтаждық үшін мәжбүрлеп алып қою коммерциялық мүддені, жекелеген адамдардың немесе өзге де мақсаттарды қанағаттандыру үшін жүзеге асса, ол заңсыз саналады» делінген. Бірақ Семей қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі мұны назарға алмай, бізді әдейі шатастырып отыр. Олар «бас жоспарды әзірлеген „НИПИ Астанагенплан“ ЖШС жобалау барысында қателік жіберген» дейді, — деп Бахтияр Қабыкен өз наразылығын білдірді.

Фото: Бақтияр Қабыкеннен

Өз сөзінде ол abaimap.kz порталында жарияланған мәліметтер де бас жоспарға сәйкес келмейтінін алға тартты.

— Мені мазалап отырған сұрақтар: 2024 жылғы 7 қазандағы № 825 Үкімет қаулысымен бекітілген Семей қаласының бас жоспарының деректері нақты заңды күшке ие ме, әлде жергілікті қала құрылысы құжаттамасы басым бола ма? Семей қаласының Бас жоспарындағы аталмыш жер телімі орналасқан жерде қате кеткені ресми түрде расталды ма? Егер жер телімі бас жоспарға сәйкес тұрғын үй аймағында орналасқан болса, оны коммерциялық құрылысқа, мысалы, Конгресс-холл салуға мәжбүрлеп алу қаншалықты заңды? Бұл сауалдардың жауабын әкімдіктен ала алмағандықтан сіздерге жүгініп отырмын, — дейді семейлік.

Фото: Бахтияр Қабыкеннен

Сот шешім шығарған

Осы ретте Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді. Ең әуелі қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне сауалхат жібердік.

— 2022 жылы бөлімге мемлекет мұқтажы үшін жерді алып қою бойынша тиісті секторды құра отырып, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жөніндегі өкілеттік берілді. Аталған өзгерістер Семей қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 қазандағы № 1517 қаулысымен бекітілген және 2023 жылғы 6 қаңтарда әділет департаментінде тіркеліп, бөлімнің ережесіне енгізілген. Семей қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы № 29 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысына сәйкес, Ләйлә Қабыкенқызы Алмағамбетоваға тиесілі Өтепбаев көшесі, 47 үй мекенжайында орналасқан жер учаскесі және ондағы жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады, — деп жауап берді бөлім басшысының орынбасары Мадина Шарбақбаева.

Биыл 21 сәуірде Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Семей қаласы әкімінің Л. Алмағамбетова, Б. Қабыкен, Г. Саржанова, Д. Саржановаға қарсы жер учаскесін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп алу және өтемақы төлеу арқылы тұрғын үйден шығару туралы талап арызын қанағаттандырған. 

Меншік иесі Л. Алмағамбетова Абай облысының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым берді.

Фото: Бақтияр Қабыкеннен

— 2025 жылғы 21 шілдеде Абай облысының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарау барысында оны қанағаттандырудан бас тарту жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда жоғарыда аталған әкімдік қаулысы заңды күшіне енген. Ол ешбір тараппен дауланбаған және жойылмаған. Осыған байланысты Конгресс холл құрылысын салу мақсатында жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу жұмыстары 2011 жылғы 1 наурыздағы Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес әрі қарай жалғасады, — дейді Мадина Шарбақбаева.

Оның айтуынша, Жер кодексінің 84-бабы 2-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару немесе сатып алу тек әлеуметтік нысандарды салу үшін атқарылады.

Семей қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы № 29 қаулысына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскелері әлеуметтік нысан саналатын Конгресс холл салу мақсатында иеліктен шығарылады.

— 2024 жылғы 7 қазандағы № 825 Үкімен қаулысымен бекітілген Семей қаласының Бас жоспарында даулы аумақ тұрғын үй аймағы ретінде көрсетілгені рас. Алайда Семей қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі бұл жағдайды бас жоспарды жобалаушы «НИПИ Астанагенплан» ЖШС жобалау кезінде жіберген қателік ретінде растады және қаланың бас жоспарына өзгерту енгізу құжатнамасы дайындалып жатқанын баяндады, — дейді қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары.

Фото: Бақтияр Қабыкеннен

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне де хабарластық.

Бөлім басшысы Ерсін Кенжебекұлының айтуынша, Семей қаласындағы Театральная, Баздырев, Молдағалиева көшелеріндегі жер телімдері аумағында Конгресс-холл құрылысы жоспарланған.

— Аталған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 2011 жылғы бас жоспар негізінде бекітілген және 2024 жылғы Бас жоспарға тікелей қатысы жоқ. Ал 2024 жылғы 7 қазандағы Үкімет қаулысымен бекітілген Семей қаласының Бас жоспарына сәйкес, Театральная, Баздырев, Молдағалиева көшелері аумағында көпқабатты үй салу көзделген. Алайда жақын арада Бас жоспарға түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Өтепбаев көшесі, 47 үй мекенжайындағы жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім қабылданған. Өтемақы сомасы — 50 169 715 теңге, — дейді ол.

Аталмыш бөлім — бас жоспар жобасының тапсырыс берушісі. Конгресс-холлды жобалау және құрылысы туралы нақты деректер «Әділет» ақпарат жүйесінде Семей қаласының бас жоспары туралы бөлімінде көрсетілген.

Фото: Бақтияр Қабыкеннен

Заң бойынша қалай?

Семей қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы Заңғар Жанғалиев жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп алып қоюдың жалпы ережесі, негіздемелері мен қағидаттарын түсіндіріп берді.

— Семей қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысымен бекітілген әкімдік регламентіне сәйкес, Семей қаласының жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы қаулылардың жобасын дайындайды. Бұл жобалар кейін келісу үшін қала әкімінің аппаратына жолданады. Тиісті қаулы қабылданғаннан кейін Семейдің тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі Мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес көзделген рәсімдерді жүзеге асырады. Атап айтқанда, меншік иелеріне және жер пайдаланушыларға алдағы жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп алып қою туралы жазбаша хабарлама жібереді, сондай-ақ қаулыны іске асыруды қаржыландырады. Меншік иелері мен жер пайдаланушылар тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде келісім рәсімін бастау үшін Семей қаласының әкімдігіне өтініш беруге құқылы, — дейді ол.

2022 жылдан бастап мемлекеттік мұқтаждыққа жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою немесе сатып алу өкілеттігі Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілген.

Бұл рәсім Мемлекеттік мүлік туралы заңның 6-тарауында белгіленген алгоритмге сәйкес жүргізіледі және мына кезеңдерді қамтиды:

  • Жер учаскесінің нарықтық құнын бағалау үшін мердігер ұйымды анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу;
  • Жер учаскесін мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алып қою туралы шарт жасасу;
  • Сатып алу құны бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда — дауды сот тәртібімен шешу.

Kazinform тілшісі Абай облыстық прокуратурасына да қоңырау шалып, сауалхат жіберді. Десе де ол жақтан жауап болмады.

Фото: Бақтияр Қабыкеннен

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде 129 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған.