Конгресс-Холлда білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы тамыз кеңесі аясында көрме ұйымдастырылды

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Тамыздың 23-і күні Астанадағы Конгресс-Холл сарайында педагогтардың жыл сайынғы тамыз конференциясы аясында білім беру жүйесіндегі озық технологиялы жетістіктер мен әзірлемелер қойылған көрме ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрменің салтанатты ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов қатысты. «Астана - елдің бас қаласы болғаннан кейін оған қойылатын талап та жоғары. Елордалық білім жыл сайынғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша алдыңғы орындарды иеленіп келеді. Оқушылардың білім деңгейін, олардың  халықаралық және республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадалар, байқаулар мен ғылыми жобалар жарыстарынан алып келетін алтын, күміс және қола медальдарынан бағалай аламыз», - деді ол.

«Елордалық білімді дамытудың басым бағыттары» атты көрме бірыңғай тұжырымдамамен құрылып, қалалық білім берудің барлық деңгейін қамтыған. Оның негізгі мақсаты - Астана педагогтары мен оқушыларының білім берудегі үздік тәжірибелерін таңдап, насихаттау.

Көрмеге «Астананың жас тұрғындарына азаматтық-патриоттық тәрбие беру», «Балабақша-мектеп» жүйесіндегі дарынды балалар», «Интерактивті физика, химия, биология, информатика кабинеттері», «Техникалық және кәсіптік білім», «Мемлекеттік тілді оқытуды қолдау», «Үздіксіз білім - ХХІ ғасырдың білімі» және тағы басқа тақырыптарды қамтыған барлығы 9 павильон қойылған.

Сондай-ақ, интерактивті тәртіпте білім беру үрдісін дамыту мақсатында әзірленген жаңа әдістемелік әдебиеттердің таныстырылымы жасалып, педагогтар үшін шеберлік сабақтар, тәжірибе және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Көрмеде сонымен қатар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған кітаптар төмендетілген бағамен сатылды.

Тамыздың 23-24-і күндері жұмыс істейтін көрмеге елорданың 50-ге жуық білім беру мекемесі қатысуда.