ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Э.Белкина ҚР ҚК 99-бабы 1-бөліміне (адам өлтіру) айыпты деп танылып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, арақ ішу барысында сотталушы мен онымен бірге тұратын көңілдесі М.Дәулетәлиев арасында келіспеушілік туындаған. Көңілдесі балағат сөздер айтып, боқтаған. Сол кезде сотталушы итеріп жіберіп, М.Дәулетәлиев еденге құлағанда, балтамен басынан ұрған. Соның салдарынан ол ауруханада көз жұмған.
Сот үкімді шығарған кезде аталған бапқа сәйкес 8 жылдан 15 жылға дейінгі жаза мөлшерінде прокурордың ұстанымын, қылмысты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).