Қоныс аударуға қолайлы өңірді таңдауға арналған интерактивті карта іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ерікті түрде қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген Қазақстан азаматтары migration.enbek.kz порталындағы интерактивті картаны пайдалана алады.

Фото: Көші-қон комитеті

Жаңа цифрлық сервис ыңғайлы форматта қоныстандыру өңірлері, қоныс аудару шарттары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.

Интерактивті карта азаматтарға көшу жағдайларын алдын ала бағалап, өңірді таңдау туралы негізделген шешім қабылдауға көмектесу мақсатында әзірленген. Пайдаланушы қызығушылық танытқан өңірді таңдап, бос жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар, қоныс аударушыларды қабылдайтын елді мекендер, сондай-ақ ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ала алады.

Картаның негізгі бөлімдерінің бірі — сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат. Өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктерімен алдын ала танысу әлеуетті қатысушыларға қоныс аударғанға дейін жұмысқа орналасу перспективаларын бағалауға және өз мамандығы, тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын ескере отырып, өңірді таңдауға мүмкіндік береді.

Қоныстандыру өңірлерінде экономиканың түрлі салаларының мамандарына сұраныс бар. Атап айтқанда, мынадай мамандарға қажеттілік сақталуда:

  1. дәрігерлер, медициналық мейіргерлер және басқа да медицина қызметкерлері;
  2. мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;
  3. түрлі бағыттағы инженерлер;
  4. агрономдар, ветеринариялық дәрігерлер және ауыл шаруашылығы саласының басқа да мамандары;
  5. механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер;
  6. электрмонтерлер, электриктер, дәнекерлеушілер, токарьлар және басқа да жұмысшы мамандықтарының өкілдері;
  7. құрылысшылар, тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер;
  8. бухгалтерлер, экономистер, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.

Бұл ретте сұранысқа ие мамандықтар тізбесі өңірлік еңбек нарықтарының ағымдағы қажеттіліктерін ескере отырып, тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл пайдаланушыларға нақты өңірде жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар бағыттар бойынша неғұрлым өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бос жұмыс орындары мен мамандықтар туралы ақпараттан бөлек, интерактивті картада қоныс аударушыларды қабылдайтын елді мекендер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары және консультация алу үшін байланыс деректері туралы мәліметтер қамтылған. Осылайша, азаматтар тек жұмысқа орналасу перспективаларын ғана емес, таңдалған елді мекендегі өмір сүру жағдайларын да бағалай алады.ф

Барлық қажетті ақпараттың бір цифрлық сервисте жинақталуы көшуге дайындық процесін түсінікті, ашық әрі ыңғайлы етеді. Пайдаланушыға бос жұмыс орындары, инфрақұрылым және қолдау шаралары туралы мәліметтерді әртүрлі дереккөздерден өз бетінше іздеудің қажеті жоқ — негізгі ақпарат тікелей картада қолжетімді.

migration.enbek.kz порталындағы осындай цифрлық сервистерді дамыту ерікті түрде қоныс аудару мүмкіндіктері туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, азаматтарға көшу процесін алдын ала жоспарлауға және кәсіби әрі өмірлік қажеттіліктерін ескере отырып, негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Барлық қызығушылық танытқан азаматтарды migration.enbek.kz порталындағы қоныс аударудың интерактивті картасын пайдалануға, қоныстандыру өңірлеріндегі жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен, сұранысқа ие мамандықтармен және тұру жағдайларымен танысуға, сондай-ақ одан әрі тұру және еңбек қызметін жүзеге асыру үшін өзіне неғұрлым қолайлы өңірді таңдауға шақырамыз.

Айта кетелік СҚО-ға жыл басынан бері 690 отбасы қоныс аударды