Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасы АҚШ-та күміс жүлде алды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін АҚШ-тың Юта штатында (Солт-Лейк-Сити) конькимен жүгіруден өтіп жатқан 4 құрлық чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, командалық спринтте еліміздің ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды.

Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті тек чемпион атанған Канада құрамасынан 3,17 секунд қалып, екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті Оңтүстік Корея конькишілері қанжығаларына байлады.

Айта кетейік, биыл аталған додаға 8 мемлекеттен келген 80-ге жуық спортшы сынға түсіп жатыр.

Ертең шешуші жарыс күні ерлер мен әйелдер арасында із кесу, жекелей сындағы 100 метр мен масс-старт жарысы өтеді.

Жалпы 4 құрлық чемпионаты деген Еуропадан басқа құрлықтағы мемлекеттің спортшылары сынға түсетін жыл сайынғы жарыс.