Алайда күнделікті күйбең тіршілік, күйзеліс, ұйқының бұзылуы мен түрлі әдеттер адамның тамақтану тәртібіне әсер етпей қоймайды. Кейде біз қарнымыз ашқандықтан емес, көңіл күйімізді көтеру үшін, уайымнан арылу немесе шаршағанымызды басу үшін тамақтанамыз.
Уақыт өте келе бұл әдет тағамға деген шамадан тыс құмарлыққа ұласып, адамның денсаулығы мен күнделікті өміріне кері әсер етуі мүмкін.
Ал тағамға тәуелділік дегеніміз не? Оны жай ғана тәбеттің жоғары болуынан қалай ажыратуға болады? Бұл туралы Назарбаев Университетінің медицина мектебінің профессоры Мэй Йен Чан Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жауап береді.
Профессор Мэй Йен Чан Орталық Азия халықтарының тамақтану ерекшеліктерін зерттеп жүр. Ғалым 60 мыңнан астам тағамның суретін жинақтап, өңірдің тағамдары туралы деректер базасын әзірлеп жатыр. Келесі кезеңде ұлттық тағамдардың химиялық құрамы мен тағамдық құндылығын зерттеуді жоспарлап отыр.
Оның айтуынша, тағамдардың суреттері адамдардың не жейтінін және қандай мөлшерде тұтынатынын анықтауға көмектеседі. Бұл мәліметтер халықтың тамақтану әдеттерін зерттеуге негіз болады.
— Адамдардың қандай тағамды және қанша мөлшерде тұтынатынын білу маңызды. Сондықтан жинақталған суреттер мен мәліметтерді деректер базасына енгізіп жатырмыз. Келесі кезеңде ұлттық тағамдардың химиялық құрамы мен тағамдық құндылығын зерттемекпіз. Өйткені белгілі бір диетаны ұстану қажет болса, ең алдымен тағамның құрамы мен құнарлылығын білу керек, — дейді Мэй Йен Чан.
Ғалым тағам сапасына малдың қоректенуі де әсер ететінін атап өтті. Мысалы, жылқының қандай азықпен қоректенгені оның етінің сапасына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан зерттеу барысында ұлттық тағамдардың құрамы мен тағамдық құндылығын кешенді түрде қарастыру көзделген.
Көңіл күй мен тамақтану арасындағы байланыс
Профессордың сөзінше, адамдардың шамадан тыс тамақтануына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі — эмоциялық күй.
— Кейбір адамдар тамақтануды күнделікті әдетіне айналдырады. Тіпті қарны ашпаса да, тамақ жей береді. Ал достарымен немесе әріптестерімен бірге отырғанда, өзгелерге ілесіп, өздері байқамай артық тамақтануы мүмкін. Сондықтан не жейтінімізді ғана емес, қанша мөлшерде тұтынатынымызды да бақылау маңызды, — дейді профессор.
Оның пікірінше, қазақ халқының дастарқан басында ұзақ отырып, әңгімелесіп, ас ішуі — ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Дегенмен ұзақ отырыстарда адам тоқ болса да тамақ жей беруі мүмкін. Сол себепті тұтынатын тағам мөлшеріне назар аударған жөн.
Зерттеу нәтижесі тәжірибеде қолданылады
Мэй Йен Чан зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануға басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, арнайы платформа арқылы тағамды суретке түсіріп, оның мөлшерін есептеуге болады. Мұндай жүйе адамның тамақтану әдетін бақылауына көмектеседі.
— Қазір зерттеу жұмысына жергілікті және шетелдік ғалымдар, деректер базасын әзірлеушілер мен инженерлер қатысып жатыр. Алдағы уақытта Қазақ тағамтану академиясымен бірлескен жобалар әзірлеуді жоспарлап отырмын. Ұлттық тағамдардың құрамын зерттеу және тұтыну мөлшерін бақылау адамдардың тамақтану ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Айта кетейік, Қытай артық салмақпен күресте қатаң диетаның орнына заманауи технологияларды қолданып жатыр.