Конор Макгрегор Ирландия президенті болғысы келеді

Фото: Photo: TASS / Evan Agostini

АСТАНА. KAZINFORM — Ирландиялық аралас жекпе-жек шебері, UFC бірнеше дүркін чемпионы Конор Макгрегор 2025 жылы өтетін президент сайлауына қатысуға ниетті екенін жеткізді.  

Ол бұл жайында X (Twitter) парақшасында жазды. 

Ирландияда президент 7 жылға сайланады. Соңғы екі мерзім қатарынан бұл қызметті Майкл Хиггинс атқарып келе жатыр. Ол 2011 және 2018 жылғы сайлауда жеңіске жеткен. 

Ирландия конституциясы бойынша бір адам президенттікке екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Келесі сайлау 2025 жылы өтеді. 

Конор Макгрегор — UFC тарихындағы бір мезгілде екі салмақтан белбеулі болған алғашқы спортшы. Соңғы жылдары UFC алаңында жекпе-жекке шығып жүрген жоқ.

Соңғы айқасы 2021 жылы Дастин Порьеге қарсы өткен. Сол кездесуде аяғын сындырып, жеңіліп қалған ол рингке әлі оралмады.