«Алтайдың ауасы» сатылымға шықты – шетелдегі қазақ баспасөзі

«ҚазАқпарат» ХАА шет елдерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Орталық халық радиосының WeChat әлеуметтік желісі

«Алтайдың ауасы» сатылымға шықты – CNR

Шаңғы тебу маусымының басталуына орай Алтай қаласы Генарал тауы халықаралық қар шаңғы демалыс ауданында Сюэду пошта мекемесі іске қосылып, ресми түрде Алтайдың ауасын сату жұмысын бастады, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат порталы.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, бұл ауаны жедел жолдама арқылы жолдайтын елдегі тұңғыш пошта мекемесі есептеледі.

6 желтоқсанда Сюэду пошта бөлімшесінің ұжымы «Алтай ауасы» консервіленген өнімдерін таныстырды.

Алтай аймақтық пошта басқару мекемесінің мәліметінше, ауаны Қытайдың жер-жеріне жедел жолдама арқылы жеткізу құрлық және әуе жолы арқылы іске асады.

Қытайдағы Қазақ шипаханасы 1-ші дәрежелі сыйлыққа ие болды – ukilialtay

фото: altxw.com/tj

Жақында Қытай этникалық медицина қауымдастығының үшінші сессиясының екінші кеңес отырысы өтіп, Қытай этникалық медицина қауымдастығының ғылым және технология сыйлығы табыс етілді.

Бейжіңде өткен академиктер мен дәстүрлі қытай медицинасы магистрлерінің академиялық алмасу конференциясында Алтай аймақтық дәстүрлі Қазақ медициналық ауруханасы («Қазақ емшілігі шипаханасы» – авт.) 2023 жылғы Қытай этникалық медицина қауымдастығының Ғылым және технологияны дамыту сыйлығының бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы осы аптада Қытайдың Ukilialtay ақпараттық порталы жазды.

Қытайлық басылымның дерегінше, бұл шипахана (клиника) жолдаған 3 зерттеу жобасы 1-дәрежелі сыйлыққа, «Қазақ емшілігіндегі қыздырмамен (жапсырмамен) емдеуді клиникада қолдану» жобасы 2-дәрежелі сыйлыққа, тағы

3 ғылыми жобасы 3-дәрежелі сыйлыққа ие болды.

Алтай аймақтық Қазақ емшілігі шипаханасының сауықтыру бөлімінің меңгерушісі, аға дәрігер Гүлдана Әнасқанқызы тілшіге берген сұхбатында, бұл жеткен жетістіктің бәрі аталған емдеу орталығы қызметкерлерінің ортақ еңбегі екенін айтады. Бұдан кейінгі уақытта да әріптестері тынбай жұмыс істеп, қалың халықтың денсаулығын қорғауға дайын екендігін тілге тиек етті.

Басылымның мәліметінше, Қытай Ұлттық дәрігерлік қоғамының ғылым-техника бағытындағы бұл сыйлығын елдің Ғылым-техника министрлігі, Мемлекеттік ғылым-техника сыйлығы қызмет кеңсесі бекіткен.

Айта кетеу керек, қазақтың шипагерлік дәстүрін заманауи емдеу, денсаулық сақтау iстерiмен ұштастыру мақсатында 1985 жылы Қытайдың Алтай аймағынан тұңғыш рет «Алтай аймақтық қазақ шипаханасы» ашылды. Бүгінде қазақ шипагерлiгiнiң ғылыми тұрғыдан жұмыс жүргiзуiне жан-жақты мүмкіндіктер ашылған. Мұнда қазақтың сан ғасырлар бойы тәжірибеден өткен емдеудің үлгілері бұлау, сынықшылық, бөбектердi маймен сылау, денсаулықты қорғау секiлдi сан түрлi әдiсi кең қолданылады. Қажырлы еңбектiң нәтижесiнде 9 бөлiмдi оқулық құрастырылып, қазақ емшiлiгi жоғары оқу орындарында оқытыла бастаған.

Ташкентте Қазақстандық университеттің филиалы ашылады – «ӨзА»

Фото: uza.uz/kz

Ташкент облысы Шыршық қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы ашылады. Осыған байланысты Министрлер кабинетінің тиісті қаулысының жобасы жарияланды. Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Филиал қызметінің негізгі бағыттары – экономика салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлау, білім, ғылым және өндірістің үздіксіздігі мен жүйелілігі. Сондай-ақ әлемнің беделді білім және ғылым орталықтарымен интеграциялану қағидаттары негізінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жаңғырту жоспарланған.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА) Қазақстанда түрік тілі сыныбын ашты «TRT»

Фото: trt.net.tr/kazakh

ТИКА Қазақстанның Қарағанды ​​қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​университетінде түрік тілі сыныбын ашқан. Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков университеттің шет тілдер факультеті ғимаратында ашылған сыныпқа байланысты сөйлеген сөзінде университет студенттері арасында түрік тіліне қызығушылықтың жоғары екенін айтқан.

ТИКА вице-президенті Үмит Наджи Йорулмаз 1995 жылдан бері Қазақстанда әртүрлі салада қызметтерін атқарып келе жатқандарын түсіндіріп, олардың ішінде білім саласындағы жобалардың орны ерекше екенін тілге тиек еткен. ТИКА-ның осы уақытқа дейін елорда Астана мен Шымкентте түрік сыныптарын ашқанын атап көрсеткен Йорулмаз алдағы уақытта басқа қалалардағы университеттерде де ашуды жалғастыратындарын айтқан.

Иран мен Қазақстан екі ел арасындағы келісімдерге қол қойды - «Parstoday»

Иран мен Қазақстан екі елдің өкілдері арасындағы Экономикалық ынтымақтастық комиссиясының 19-шы отырысында ынтымақтастық келісімдеріне қол қойды, деп хабарлайды «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, Иранның Ауылшаруашылық жиһад министрі Мұхаммад Әли Никбахт Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары әрі Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездесуінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның келіссөздерінің барысына ризалығын білдірген.

Иран мен Қазақстан бірлескен комиссиясының 19-шы отырысының ынтымақтастық құжаты мен екі ел арасындағы 3 миллиард долларға дейінгі коммерциялық байланыстардың жол картасына Иранның Ауылшаруашылық жиһад министрі мен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары қол қойды.

Сонымен қатар Иран стандарты мен Қазақстан метрология институты арасындағы метрология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстаннан келетін мал етінің саудасына қойылатын санитарлық-ветеринарлық процедуралар мен талаптарға Иран мен Қазақстан екі елінің өкілдері де қол қойған.

Шетелдік тілшілер Шыңжаңның Алтай аймағына барды – «Халық газеті»

Фото: kaz.people.cn

5 желтоқсанда Орталық Азия мен Ресей елдерінен келген журналистер тобы Қытайдың Шыңжаңындағы Алтай қаласы Генарал тауы халықаралық тау шаңғысы курортына және көшедегі асыл тастарды бояу студиясына барды, деп хабарлайды «Халық газеті».

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, олар сондай-ақ Алтайдың табиғи пейзаждары мен мәдени ерекшеліктері туралы білу үшін, Қар мекені тұрғындар районында домбырадан күй тыңдады.

Ұйымдастырушылар Алтай аймағы қар-мұздың көркем мекені ғана емес, мәдениеттің мәйегі тереңде жатқан жер екенін БАҚ делегациясы мүшелеріне түсіндіруге тырысқан.

БАҚ өкілдері соңында ондаған шаңғы трассалары, тамаша инфрақұрылымы және озық шаңғы жабдықтары бар Генарал тауы Халықаралық тау шаңғысы курортына барған.