Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында қалалық Ішкі істер департаменті Жол көлік басқармасы жолды патрульдеу қызметінің бастығы Бауыржан Шоланов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтсақ, тамыздың 30-ы күні Конституция күнін мерекелеу аясында «Қазақ елі» монументі алаңында әскери шеру өтетіндіктен, осы күнгі таңғы сағат 8.00-ден іс-шара аяқталғанға дейін қаланың келесі бөліктерінде көлік қозғалысына шектеу қойлады - Б.Момышұлы даңғылына (Тәуелсіздік даңғылынан Сарайшық көшесіне дейін), Тәуелсіздік даңғылына (№42-ші көше мен Б.Момышұлы көшесіне дейін), Айнакөл көшесіне (Ақжол көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейін). Сондай-ақ Сарайшық даңғылы бойымен М-1 көпіріне шығатын жол қозғалысы Орынбор көшесіне ауыстырылатын болады.
Б.Шолановтың айтуынша, аталмыш жолдардың жабылуы себепті шеруді тамашалаймын деушілерді белгіленген жерге 150 қоғамдық автобус жеткізіп салатын болады. Қала әкімдігі ұйымдастырған жолаушылар көлігі іс-шара басталғаннан, оның аяқталуына дейін үздіксіз, әрі тегін қатынайтын болады. Көрермендерді жинау орындары - Республикалық гвардия, «Отан қорғаушылар» мемориалы, «Жастар» сарайы, К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, қалалық цирк, «Бәйтерек» монументінің алаңы, Ескі орталық алаң және «Жас ұлан» Республикалық мектебі.
Сондай-ақ, тамыздың 29-30 күндері елорда әкімшілігінің алдындағы алаңда және Жеңіс даңғылы - Кенесары көшесі -Бейбітшілік даңғылы мен Абай көшесі тұйықталған жердегі ашық алаңда ауылшаруашылық және мектеп жәрмеңкелері өтетіндіктен, таңғы сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін келесі көшелердегі көлік қозғалысы тоқтатылады - Жеңіс даңғылы (Кенесары көшесінен Абай көшесіне дейін), Абай көшесі (Жеңіс даңғылынан Кенесары көшесіне дейін), Бейбітшілік көшесі (Абай көшесінен Кенесары көшесіне дейін) және Кенесары көшесі (Бейбітшіліктен Жеңіс даңғылына дейін). Қоғамдық жолаушыларды тасымалдау Абай мен Кенесары көшелері арқылы жүзеге асырылады.