Конституцияға арналған халықаралық конференция Еуразия ұлттық университетінде жалғасуда

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Конституция - қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік жаңғыруының негізі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция бүгін Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасты.

Онда елге танымал заңгер ғалымдар, Парламент депутаттары, сарапшылар мен халықаралық ұйым өкілдері бас қосып, Ата заңның әр бағыттағы нормаларының жүзеге асырылу барысын талқылады. 

«Еліміз үшін соңғы 20 жылдың белесі айрықша кезең болса, соның ең үлкен асуы біздің 1995 жылғы Ата заңымыздың қабылдануы.  Содан бергі 17 жыл ішінде Қазақстан халқы аса бір жаңару кезеңін бастан өткерді. Қастерлі құндылықтарымыз, қағидаттарымыз, елдік үшінгі халықаралық байланыстарымыз,  тарихи даңғыл жолымыздың баршасы Ата заңнан бастау алып жатады. Жалпы Конституция мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде  елдігімізді ұйыстыра білді. Жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басқанын көрсетті», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Еуразия университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Ал Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Наталья Зарудна егемен елдің Конституция күнінің маңызына тоқтала келе, оның саяси және тарихи мәні зор екендігін атап өтті. «Конституция күнімен байланысты осындай халықаралық жиындар өткізудің игі дәстүрге айналуының да өзіндік маңызы бар. Мұнда конституциялық құқыққа қатысты еркін пікір алмасулармен бірге, Негізгі заңның қоғамдағы рөліне де айрықша назар аударылып отыр», - деді ЕҚЫҰ орталығының басшысы.

Жиын барысында бірқатар ғалымдардың, саясаткерлер мен сарапшылардың баяндамалары тыңдалып, талқыланды.