Бүгін - ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов осылай мәлім етті.
«Бүгін Тәуелсіз Қазақстанның өзін демократиялы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыру кезеңіндегі тарихи маңызы бар күн. Себебі, біз бүгін Қазақстанның одан әрі демократиялық бағыттағы дамуының тағы бір алғышарттарын қалыптастыратын, еліміздің саяси-құқықтық кеңістігінің жаңа бір бетін ашпақпыз. Елбасының Парламентке ұсынған заң жобасы Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық алғышарттарын белгілейді. Еліміздің биік мүдделері басшылыққа алына отырып, елдің елдігін, халықтың теңдігін сақтауға ұмтылған, демократиялық құндылықтарға жол ашқан тағы бір сындарлы қадам жасалды», - деді депутат.
Сонымен бірге, Б. Бекжанов осыған дейінгі саяси ахуалға шолу жасай келе, Мемлекет басшысының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысына да тоқталып өтті.
«Елбасының осы шешімі бойынша біріншіден, референдумды қолдаған Қазақстан жұртының ұстанымы ескерусіз қалған жоқ, екіншіден демократияның негізгі құндылықтары сақталды. Ендігі мәселе - халық мүддесі үшін қабылданған шешімді конституциялық тұрғыдан бекіту. Қолданыстағы еліміздің Ата заңы тек қана президенттің кезекті сайлауын ғана қарастыратыны белгілі. Ендігі халық билігінің үстемдігі, еліміздің өркендеуі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, демократиялық құндылықтар мен қағидаттарды сақтау мақсатында Елбасымен қабылданған шешімді Конституцияда баяндау уақыт пен заман талабы», - деді Б. Бекжанов.
Оның айтуынша, Президенттің кезекті сайлауының негізгі ережелері мен тәртібі, мерзімі Конституциямен және конституциялық заңмен бекітілген. Ал ұсынылған заң жобасымен белгіленген ережелер кезектен тыс сайлаудың президентпен тағайындалған жағдайын қарастырады.
«Осының өзі Президенттің кезектен тыс сайлауы институтын өмірде жүзеге асыру ережелерін белгілеп отыр. Бұл біріншіден бізге ел мүддесі үшін жасалғалы отырған президенттің кезектен тыс сайлауын өткізуді құқықтық қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, екіншіден азаматтарымыздың сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға, үшіншіден сайлау институтының басты қағидаттарын қоғамымызда одан әрі дамытуға жол береді деп есептеймін. Сондықтан Елбасының ұсынысын қолдау - елдің ертеңін қолдау, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау деп білем. Сонымен қатар аталған заңды қабылдау арқылы біз барша халыққа, қала берді бүкіл әлемге конституциялық құндылықтар мен демократиялық қағидаттарға қаншалықты жақын екенімізді тағы бір паш етеміз», - деді депутат.