Конституциялық Кеңес Төрағасы Парламент алдында Жолдауын жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов «Қазақстандағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің жолдауын жариялады. Бұл бойынша қос палата депутаттары Жолдауды назарға алу туралы қаулы қабылдады.

Жолдауында Кеңес Төрағасы биыл еліміздің Конституциясына жиырма жыл толғанын атап өтіп, оның ерекшеліктеріне де назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан Конституциясы еліміздің ең қымбат қазынасы адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары болатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өрлеу дәуірінің, нығайтудың, жан-жақты және кезең-кезеңімен орнықтыру символы болды. Сонымен қатар, Жолдауда айтылғанындай, Ата Заң халықтың мүддесі мен оның еркін іске асыра отырып, қазақстандықтарды топтастырудың қуатты бастауы болды.

Бұдан бөлек, И. Рогов Жолдауда конституциялық дамудың негізгі қорытындыларына назар аударып, Конституциялық Кеңестің қызметі, конституциялық құрылыс негіздерін іске асыру бойынша оның құқықтық ұстанымдарына тоқталды. Жолдауда айтылғанындай, анық, мұқият тексерілген конституциялық-құқықтық саясат және құндылықтарға бағытталған конституциялық-құқықтық практика бір-бірін өзара толықтырады. Негізгі Заңның өзіне тән функцияларын тиімді іске асыруына ықпал етеді. Оның ережелері мен нормаларының сапалы орындалуы мен қолданылуын, азаматтардың және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық санасы деңгейін арттыруға жұмыс жасайды.

«Конституциялық Кеңес Ата Заңның әлеуетін одан әрі тиімді пайдалану, конституционализмді дәйектілікпен орнықтыру, Қазақстанды қалыптасқан, қуатты, табысты, азаматтық қоғам құндылықтарын ұстанған және әлемдегі үздік отыз мемлекет қатарына кіруші мемлекет ретінде нығайту жолындағы мақсатқа жетуімізге сенім білдіреді», - деді И. Рогов.