Конституциялық реформа азаматтық қоғам рөлін арттырады - Нұрлан Серғалиев

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Конституциялық реформа азаматтық қоғам рөлін арттырып, Парламент пен Үкіметтің, сонымен бірге облыстық мәслихаттардың жауапкершілігін күшейтеді.

Мұндай пікірді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Серғалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Реформа жүргізу өте дер уақытында қолға алынған қадам. Президентіміздің әр кезде де көрегендік қасиет бар. Бұл ретте де Мемлекет басшысы барынша күрделі кезеңнің алдын орай алды деп санаймын. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдегі ахуалды өркениеттік күйреу деп атауға болады. Сондықтан да осы жағдайға байланысты қабылданатын барлық шешімдер жауапкершілік төңірегіне шоғырлануы тиіс», - деді ол.

Осы орайда университет ректоры Қазақстан Президентінің үндеуін шоғырландырылған жауапкершілікке шақыру деп бағалайтындығын атап өтті.

«Бұл ретте барлық өзгерістердің талқылауға шығарылуы да маңызды. Кез келген адам бұл талқылауға қатысып, өзінің ұсынысын енгізіп, көзқарасын білдіре алады. Менің пайымымша, орталық орган қызметінің бір бөлігін жергілікті органдарға да беру маңызды. Бұл облыстық мәслихат депутаттарының рөлін арттырып, оларға үлкен дербестік береді.  Осылайша, мемлекеттік-қоғамдық барлық жүйе барынша тығыз іс-қимылға барады, тұрақтана түседі», - деді Серғалиев.