«Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы норма Конституцияда бекітілді. Бұл маңызды саяси инновация - демократия жолындағы батыл қадам. Бүгін қол қойылатын заңдарда көрініс тапқан осы өзгеріс жоғарғы билікті жеке дара иемдену әрекеттеріне біржола тосқауыл қояды. Сондай-ақ ең жоғары лауазым иесін өркениетті жолмен және тұрақты түрде ауыстыруға арналған жаңа саяси дәстүрді орнықтырады. Конституциялық реформа аясындағы өзгерістер біздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатымыздың мазмұнын байыта түседі. Мұның бәрі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық жүзеге асыруға бағытталған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл қадамдар азаматтардың құқықтары мен бостықтарын тиімді қорғауға арналғанын атап өтті.
«Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрлымының тұғырын нығайтады, азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Өзара түсіністікті, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етеді. Осы орайда аса маңызды заңдарды шұғыл және сапалы қабылдаған депутаттарға зор ризашылығымды білдіремін. Сонымен бірге, жемісті жұмыс атқарған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне, еліміздің заңгерлер қауымдастығының өкілдеріне алғыс айтамын. Көпшілігіңіз еліміздегі ауқымды диалог алаңы - Ұлттық құрылтайда табысты еңбек етіп жүрсіздер. Сіздер конституциялық реформаны жүзеге асыруға зор үлес қостыңыздар», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамалық актілерді әзірлеуге жан-жақты атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Бұл құжаттардың Қазақстан үшін ерекше маңызы бар. Заңдар еліміздің орнықты дамуына қажетті жаңа құқықтық негіз қалыптастырады. Қоғамдағы тұрақтылықты және ел бірлігін нығайта түседі. Халқымыздың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан, мен осы заңдарға жария түрде қол қою қажет деп шештім», - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы биыл маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйектегі Жолдауында биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.
«Мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», - деді Президент.