«Құрметті әріптестер! Біз заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін бірлескен комиссия құруымыз қажет. Президентіміз белгілеген осы заң жобасын қарау тәртібіне сәйкес комиссия құрамын Парламент палаталарының Төрағалары ұсынады. Осыған байланысты біз, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы екеуіміз, ақылдасып, Парламенттің әр палатасынан 7 депутаттан 7 кандидатура ұсынып отырмыз. Сонымен бірге әзірлеуші тарапынан осы комиссияға үш адам қосылып отыр», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Оның айтуынша, комиссия құрамына Сенаттан Серік Ақылбай, Бірғаным Әйтімова, Асқар Бейсенбаев, Қайрат Ищанов, Дәулет Құсдәулетов, Дариға Назарбаева, Людмила Полторабатько, Мәжілістен Нұрлан Әбдіров, Мәулен Әшімбаев, Жамбыл Ахметбеков, Анар Жайылғанова, Роман Ким, Екатерина Никитинская, Бақтықожа Ізмұхамбетов және әзірлеуші тараптан Талғат Донақов, Игорь Рогов, Марат Бекетаев ұсынылды.
Осыдан кейін Нығматулин бұл ұсынысты дауысқа салып, оны екі палата депутаттары бірауыздан қолдады. Сонымен қатар бірлескен комиссия төрағасы лауазымына Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров ұсынылып, кандидатурасы қолдауға ие болды.
«Парламант палаталары бірлескен комиссиясының төрағасы ретінде сайлап, маған жоғары сенім көрсеткендеріңізге алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы екінші оқылымға дейін барлық конституциялық түзетулерді мұқият және жан-жақты қарайтындығына сіздерді сендіремін және парламент қабырғасында бұл талқылауға барлық депутаттар белсенді қатысады деп сенемін», - деді Нұрлан Әбдіров.