«Біз арманы асқақ, мұраты асыл, айбынды еліміздің төрінде тағы бір алқалы жиындамыз. «Өсер елдің баласы өзекті іске жұмылар» дейді дана халық. Біз бүгін алдағы өсу жолымызды айқындайтын, тәуелсіз тарихымыздың шежіресіне айналар өзекті істі талқыламақпыз. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған тағдырлы мәселе - саяси басқару жүйесін жаңғырту. Біз бір ай бойы бір ел, бір тағдыр болып, Елбасымыз бастамашы болған конституциялық реформаны жасай отырып, билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу туралы қағидатының қыр-сырына үңілдік, терең бойлап, түбегейлі талқыладық. Нәтижесінде Ел Президентінің саясат сынағындағы өжет қимылы шын мәнінде екінің бірінің қолынан келмейтін батыл қадам екеніне көз жеткіздік. Расында да, Президенттің өз билігінің көптеген бөлігін, басқаларға беруі біздің тәуелсіздік ғұмырнамамызда ғана емес, арғы бергі тарихымызда болмаған, әлемдік саясатта кездесе бермейтін ерекше бетбұрыс. Бұл ел ертеңін, ұрпақ болашағын өз мүддесінен жоғары қоятын, бар болмысы туған халқымен біте қайнасқан ұлтжанды тұлғаның ғана еншісіне берілген ұлы іс», - деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар, ол Тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күннен бастап, әрбір қадамын нық басып, алдын ала болжам жасап, барлық қиындықтарды сарабдал саясатымен еңсеріп, елін, халқын өркениет биігіне жетелеген Елбасымыз бұл жолы да заман тынысын дөп басқанын баса айтты.
«Уақыт шеңберіне сыймайтын санаулы сәттерде біздің бірлігіміз жарасып, ырысымыз артты. Тұрақтылық сән-салтанат құрып, алпауыт елдермен иық теңестірген азулы мемлекет болдық. Бұл сөзсіз, тұңғыш Президентіміз негізін қалаған мықты президенттік басқарудың арқасында бағындырған биіктер. Енді осы жетістіктерімізге тірек, өркениетімізге өзек болар үлкен өзгерістер қолға алынғалы тұр. Елбасы өзі жасаған қазақстандық дамудың жаңа кезеңінде Парламент пен Үкіметке зор сенім артты. Осы жерде баса айта кететініміз, азаттықтың ақ таңы атқан күннен Елбасының батыл қадамдарын, әлеуметтік, экономикалық, саяси бастамаларын жүзеге асыруда Парламентке айрықша жауапкершілік жүктеліп келеді. 1995 жылы, 30-шы тамызда республикалық референдум өтіп, бүгінгі талқыланып отырған Ата Заңымыздың тұсауы кесілген кезден бастап, біздің қос Палаталы Парламент ашық пікірлер мен жария саясаттың биік орны ғана емес, сонымен бірге, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, маңызды мемлекеттік әрі халықтық институт болып қалыптасты. Осыдан тура он жыл бұрын 2007 жылғы 21 мамырда тікелей Президентіміздің басшылығымен әзірленген Конституцияға өте маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда тағы да қос палаталы Парламенттің рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген болатын.
Енді міне өздеріңіз көріп отырғандай, ел дамуының аса жауапты кезеңінде де Парламенттің әлеуетін күшейту басты назарға алынды. Бұл тәуелсіздік алған күннен демократиялық даму үрдісіне ден қойып, халықтың үні мен қалауын алдыңғы қатардан түсірмей келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының заңды жалғасы деп білеміз», - деді Ізмұхамбетов.
Депутаттың пайымынша, ендігі кезекте Үкімет Президент алдында қалай есеп берсе, Парламент алдында да сондай жауапкершілікте болады. Сондай-ақ, Парламент үкімет құрамын жасақтауға енді белсене қатысады. Ал, өз кезегінде Үкімет Елбасымыз белгілеген басым бағыттар аясында қажетті шешімдерді қабылдап, әлеуметтік экономикалық салаға толығымен жауап беретін болады.
«Президенттің бірқатар өкілеттігі бөлінгенмен, Тәуелсіз еліміздің бүгінге дейінгі тұрақты дамуының кепіліне айналған президенттік басқару формасы өз күшінде қалады. Өйткені, ол мемлекеттігіміздің негізгі тірегі, конституциялық мызғымастығығымыздың алтын көпірі. Елбасымыз айтқандай әлем бүгінде көз алдымызда өзгеруде. Алысты болжайтын кемеңгер, бұл жолы да шұғыл қимылдап, жаһандық ахуалға, технологиялық және әлеуметтік жаңғырту талаптарына шапшаң жауап берді. Сондықтан да бұл реформалар қасиетті тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып қана қоймай, қасиетті Отанымыздың алдағы сан жылдарға тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл Реформа Ұлт Жоспарында белгіленген есеп беретін мемлекет пен ашық Үкіметті қалыптастыру міндетін жүзеге асырады. Түптеп келгенде осы өзгерістердің нәтижесінде мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді, мығым, және заманауи жүйесі құрылады», - деді ол.
Айта кетейік, бірлескен отырыс барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.