Конституциялық реформалар саяси тиімділікті арттырады - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық сарапшының пайымынша, Президенттің үндеуінде жарияланған билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу қадамдары саяси тиімділікті арттырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент бағдарламасы бүгінде әлемде болып жатқан құрылымдық өзгерістерге елімізді бейімдеуге мүмкіндік береді. Өкілеттіктерді қайта бөлу билік тармақтарының, сонымен қатар басқарушылық элитаның саяси өкілеттігін көтереді. Жалпы, мемлекеттік басқарудың барша жүйесінің тиімділігін арттырады»,-деді «Sayasat.org» интернет басылымының шеф-редакторы Бауыржан Төлегенов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, үндеу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетінін мәлім етті.

«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез  келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым.  Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден,  Президенттің  әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп санадым», - деді ҚР Президенті.