Конституциялық соттың болмауы азаматтар құқығының қорғалу деңгейін еш төмендетпейді - А. Жайылғанова
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі Анар Жайылғанова осылай мәлімдеді.
«Елімізде Конституциялық сот жоқ болмағандықтан Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары бұзылуы мүмкін немесе жеткілікті деңгейде қорғалмайды деген пікір түбірімен дұрыс емес. Біздің азаматтарымыздың құқықтары қалай қорғалады? Азаматтық, әкімшілік даулар туындаған сәтте, қылмыстық істер бойынша адамдар сотқа жүгінеді. Сот жүйесінің, сот билігінің басты мәселесі Конституцияның 76-бабына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау болып табылады. Егер қандай да бір нормативтік-құқықтық акті немесе заң азаматтың құқығын бұзып, оны кемсітетін болса, сот істі қарауды тоқтатып, Конституциялық Кеңеске әлгі актінің Ата Заңға сәйкестігіне түсінік беру туралы жүгінеді. Ал мұндай норма тиімді қызмет етуде», - дейді А. Жайылғанова.
Оның сөзіне қарағанда, Конституциялық Кеңес қызмет етіп жатқан 1996 жылдың ақпанынан күні бүгінге дейін шамамен 70-ке тарта соттардың жүгіну тәжірибесі орын алған. Ол бойынша Конституциялық Кеңес мәселені қарап, заңның Негізгі құжатқа сәйкестігіне қатысты түсініктер беріп келеді. Осылайша, елімізде азаматтар құқығын қорғау функциясын негізінен соттар атқарады, ал заңдардың Конституцияға сәйкестігін Конституциялық Кеңес қарайды.
«Мәселен, АҚШ-та да Конституциялық сот жоқ. Францияда да біздікі секілді Конституциялық Кеңес қызмет етеді. Ең бастысы, әрбір ел өз азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құралдары мен тетігін өздері таңдап, өз жолдарын өздері қалыптастырады», - деді А. Жайылғанова.