Конституциялық соттың жұмыс механизмі қандай болмақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституциялық соттың жұмыс механизмін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді азаматтар Конституцияға сәйкес келмеген құқықтық-нормативтік актілер туралы қарама-қайшы пікірлер мен шешімдер бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл орайда «ҚР Конституциялық Соты туралы» Заңында көрсетілген бірнеше талап қойылады.

Біріншіден, азаматтар нақты құқықтық-нормативтік актілер бойынша сот органдарына жүгінген болуы тиіс, яғни апелляциялық деңгейге жеткен, сот шешімі шығарылған болуы керек. Егер қарауға келген іс бойынша Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы болса және азаматтардың басқа сот органдарына жүгінуге мүмкіндігі болмаса, онда олар Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Талап етілетін құжаттар «ҚР Конституциялық соты туралы» Заңында жазылған.

Сонымен қоса, азаматтарымыз құқықтық-нормативтік актілердің нақты келіспейтін бөлігін көрсетіп, өздерінің оған қатысты пайымын беріп, оның Конституциямыздың қандай баптарына қарама-қайшы екенін көрсетуі қажет», - деп түсіндірді Алма Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Спикердің айтуынша, Конституциялық сотқа түскен шағым 3 ай қаралады. Алдымен, сот аппараты азаматтың құжаттары мен оның келіспеген шешімін тексеріп, тіркеуге алады.

«Шағым түскен соң, әрі қарай Конституциялық соттың аппараты тиісті тексеріс жүргізеді. Шағым тіркелген жағдайда, істі алдын ала қарау белігіленеді. Егер уақытқа тоқталатын болсақ, сотқа жүгінген азаматтың шағымы түскен күннен бастап 3 ай ішінде қаралады», - деп түйіндеді вице-министр.

Еске салайық, өткен айда Сенат «ҚР Конституциялық Соты туралы» Заңды қабылдаған еді.


Соңғы жаңалықтар