Конституциямыздың мүмкіндігін пайдаланатын сәт туды - М. Көпееев

АНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің пікірінше, Конституциямыздың мүмкіндігін пайдаланатын сәт туды.

Бұл туралы ол бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Ата заңмыздың 91-ші бабына сәйкес, Парламент қажетті өзгерістерді Конституцияға енгізуге құқылы. «Олай болса, Конституциямыздың мүмкіндігін пайдаланатын сәт келді. 5 миллионнан аса қазақстандық қолдаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы шығысқазақстандықтар ұсынысының конституциялық негізін қалыптастыру бүгінгі күннің талабына толықтай жауап береді және бұл ел тарихындағы ерекше маңызы зор мәселе. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, «Тұңғыш Президент», «Елбасы» деген сөздер бүгінде біртұтас ұғымға айналды»,-деді Сенат Төрағасының орынбасары.