Құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары сақталып, мемлекетке қатысты жеке тұлғаның мүдделерінің басымдығы танылады, жеке тұлғаны түрлі заңсыз әрекеттерден қорғаушы негізгі тетіктің бірі ретінде соттардың тәуелсіздігі, әділдігі жүзеге асырылады. Құқықтық мемлекет - құқық (заң) үстемдік ететін мемлекет. Құқық (заң) конституцияға негізделетіндіктен, конституция бүкіл құқықтық жүйенің, заңнаманың өзегі болып өрілетіндіктен Қазақстан құқықтық мемлекет орнықтыруды мақсат етіп ұстанған тұста конституцияның заңдылық мәселесі алдыңғы кезекке шығады. Олай дейтініміз, біріншіден, құқықтық мемлекет қоғам өмірінің барлық салаларында құқықтың үстемдік етуі, бүкіл мемлекеттік тетіктің құқықпен байланыстығы, конституциялық заңдылық, т.с.с. қағидаларға негізделеді. Құқықтық мемлекеттің мәнінің өзі барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың құқықтық нормаға қатаң сәйкестікте әрекет ету тиістілігін, басқаша айтқанда мемлекетте құқықтың (конституцияның) үстемдік етуін білдіреді. Екіншіден, Республика Конституциясында Қазақстанның құқықтық сипатын анықтайтын белгілер көрініс тапқан. Олар: соттың тәуелсіздігі, жеке тұлғаның шынайы бостандығы, оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдендірілуі, биліктің үш тармаққа бөлінуі әрі олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесі арқылы өзара іс-қимыл жасауы, заңның жоғарылығы, заң алдында адамдардың теңдігі, т.с.с. Тиісінше конституцияның бұзылмауы, сақталуы Қазақстан мемлекетінің құқықтық сипатын анықтайтын белгілердің сақталуын, жүзеге асырылуын анықтайды. Үшіншіден, құқықтық мемлекет құрудың қазіргі кезеңі адам және азаматтың қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесінің бірінші кезекке шығуымен сипатталады. Ал, ол өз кезегінде елімізде конституциялық заңдылық режимін қалыптастыру арқылы қамтамасыз етілмек. Конституциялық заңдылық Конституцияда баянды етілгендей адам өмірінің, оның құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде өз қолданымын табуының, адам құқықтары мен бостандықтарының танылып, оларға кепілдік берілуінің, адамның заң алдында теңдігінің, өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығының жүзеге асырылуының алғышарты, негізі болып табылады. Конституциялық заңдылық мәні бойынша нормативтік ережелердің Конституция талаптарына нақты сәйкес келуін және қоғамдық қатынасқа қатысушылардың Конституция нормаларын сөзсіз орындауы мен сақтауын білдіреді. Бұл аталғандар құқықтық мемлекет қалыптастыруда конституциялық заңдылық қағидасының анықтаушы, маңызды болып табылатындығын, оны қамтамасыз ету тетіктерін әрдайым жетілдіріп отыру қажеттігін анықтайды.
Конституциялық заңдылық Қазақстан халқының мұрат-мүддесінің жүзеге асуы тұрғысынан алсақ та маңызды болып табылады. Оны Конституцияны қабылдауда Қазақстан халқының мұрат еткен, қол жеткізуді мақсат еткен мүддесімен байланыстыра отырып қарауда байқауға болады. Конституцияның кіріспесінде аталғандай ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы Конституцияны дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып қабылдаған. Олай болса, болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігін сезіне отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып халық қабылдаған біздің Конституциямыздың сақталуы, бұзылмауы, тиісінше жоғарылығы Қазақстан халқының мұратына жетудің басты негізі болып табылады.