Конституция мәтініне талдау жасалды: жұмыс тобына кімдер жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституция мәтініне қатысты ғалымдардың ұсынысына қатысты пікір айтты.
- Ал бұл жұмыс біреулер ойлағандай бір-екі апта бұрын емес, бірнеше ай бұрын басталған болатын. Былтыр қазан айында e-Otinish платформасы арқылы Нәрікбаев университетінің оқытушысы Марат Ахмадидан осындай ұсыныс келіп түсті. Онда 15 беттен тұратын арнайы талдауды жолдады. Ол талдауда қазіргі қолданыстағы Конституциядағы терминологиялық тұрғыдан жіберілген қателіктер мен аударма мәселесіне назар аударып, көлемді талдау жасады. Жалпы, әр өтінішпен танысып отырдық. Марат Ахмади жіберген ұсыныстармен танысқаннан кейін, ол азаматты Ақордаға арнайы шақырып, пікір алмастық, - деді Е. Қарин.
Оның айтуынша, бұл тұрғыда 1995 жылы қабылданған Ата заң мәтініндегі тілдік және құқықтық-терминологиялық қателіктерге, мағыналық және ұғымдық дәлсіздіктерге, стилистикалық-грамматикалық сәйкессіздіктерге, құқықтық-лингвистикалық қайшылықтарға назар аударылды.
- Содан соң Нәрікбаев университетінің басшысы Талғат Мақсұтұлымен жолығып, университет базасында Конституция мәтінін редакциялайтын Жұмыс тобын құруға келістік. Осылайша, қараша айының басында тиісті жұмыс басталып кетті. Жұмыс тобына Нәрікбаев университетінің Марат Ахмади, Нұржан Ешниязов, Алмас Жұмағали, Абай Абылайұлы секілді құқықтанушы ғалымдары мен білікті оқытушылары енді. Желтоқсан айының басында Жұмыс тобына басқа да белгілі ғалымдар мен тіл мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент пен Үкіметтің білікті қызметкерлері қосылып, топтың ауқымы кеңейді. Атап айтқанда, Жұмыс тобының құрамына Президенттің кеңесшісі, белгілі ғалым-журналист Бауыржан Жұмаханұлы Омаров, Ербол Әбдірәсілов, Ербол Тілешев, Талғат Нәрікбаев, Нұрлан Оқаұлы, Мұрат Қайырбек, Мадина Оспаналы және басқа да азаматтар қосылды. Осы жұмыстың артында қаншама адамның жұмысы тұрғанын көрсету үшін бұл азаматтардың аты-жөнін әдейі атап отырмын. Бұл – осы іске атсалысып жатқан азаматтардың бір тобы ғана, яғни көпшіліктің талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілді, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Осы орайда Ерлан Қарин осы жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституцияның мәтіні 1995 жылы қабылданған Ата Заңмен салыстырғанда сапалық, мазмұндық тұрғыдан жақсарғанын және ұғынықты, түсінікті бола түскенін айтты.
- Мұны әлеуметтік желідегі көптеген азаматтар мойындап отыр. Тағы да қайталап айтамын, бұл – бір-екі аптада емес, бірнеше айға созылған күрделі жұмыстың нәтижесі, - деді ол.
Осыған дейін Мемлекеттік кеңесші 1995 жылғы Конституциядан өрескел қателер анықталғанын айтты.