Конституция жекелеген тетіктерді емес, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс – Әділет министрі

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Конституция азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, жекелеген тетіктерді емес, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

– Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 16-1-бабының жаңа редакциясы, бұған дейін де айтылғандай, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге сөзсіз бағытталған. Қолданыстағы редакцияда жекелеген ережелер Конституцияның 77-бабында көзделген, оларды Негізгі заңның 1-бөліміне көшіру ұсынылады. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу, заңның кері күшін қолдану мәселелері және өз кінәсіздігін дәлелдеуден босату сияқты қағидаттар. Конституция – ол жоғары заңдық күшке ие бола отырып, азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, оларды қорғаудың кепілдіктерін белгілей отырып, жекелеген тетіктерді емес, негізгі қағидаттарды айқындауға тиіс, - деді Әділет министрі.

Бұған дейін Әділет министрі Конституцияда заң көмегін көрсету түрлерін «тегін» деген сөзбен шектемеу керектігін айтқан еді.