Конституция жобасында өтпелі тетіктер нақты жазылуы керек – Имашева
АСТАНА. KAZINFORM – Конституция жобасында қорытынды және өтпелі ережелер барынша нақты әрі жан-жақты айқындалуы тиіс. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның XI отырысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ең алдымен Конституцияның күшіне ену тәртібі мен мерзімдері нақты белгіленуі қажет. Атап айтқанда, негізгі заңның ережелері республикалық референдум нәтижелерінің ресми жарияланған күнінен бастап па, әлде өзге нақты белгіленген күннен бастап қолданысқа енетіні жобада тікелей көрсетілуі тиіс.
Сондай-ақ депутат өтпелі кезеңде қолданыстағы мемлекеттік билік органдарының мәртебесін реттеудің маңыздылығына тоқталды. Оның ішінде қазіргі шақырылымдағы парламенттің өкілеттіктерін жүзеге асыру мерзімдері, сайлауларды өткізу уақыты мен тәртібі нақты айқындалуы қажет.
– Бұл мәселелерді заң шығару қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету және Конституцияда көзделген институционалдық жаңашылдықтарды іске асыру қажеттілігін ескере отырып қарастырған жөн, – деді Снежанна Имашева.
Сонымен қатар өтпелі ережелерде Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамын қалыптастыру тетіктерін, сондай-ақ негізгі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын тағайындау тәртібін белгілеу қажет екені атап өтілді.
– Қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің Конституция күшіне енгеннен кейінгі мәртебесі де нақты регламенттелуі тиіс. Атап айтқанда, олардың күшін сақтау мәселесі және жаңа конституциялық нормаларға сәйкестендіру мерзімдері жобада тікелей көрсетілуі қажет, – деді ол.
Снежанна Имашева бұл нормалар құқықтық айқындықты, мемлекеттік институттардың тұрақты жұмысын және өтпелі кезеңдегі өкілеттіктердің нақты шекарасын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Оның пікірінше, аталған бөлім толық пысықталғаннан кейін, Конституция жобасы референдумға енгізуге дайын болады.
Бұған дейін Конституция жобасына соттан тыс тұрғын үйден айыруға, шығаруға тыйым салатын норма енгізілетінін жазғанбыз.