Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Бұл пікірді Президент Волонтерлер форумында айтты.
«Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр.
Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да – өте маңызды.
Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.
Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл мәселе баяндамашылардың сөзінде қамтылғанын атап өтіп, идеяларды қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттайтынын растады.
«Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі.
Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар.
Патриотизм – құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын.
Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат.
Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ.
Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы.
Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг «I have a dream», яғни «Менің де арманым бар» деген еді. Сондықтан «мына әлемді жақсарта түсемін» деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Ол сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет екенін еске салды
«Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда.
Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.
Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін.
Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек.
Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Форумда сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Вера Ким, «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдіраш, Dosco қоғамдық қорының директоры Айнұр Аймұрзина, эковолонтер Бауыржан Жақыпов, тарихи-мәдени мұралар саласындағы волонтер Андрей Лутошкин, Халықаралық волонтерлер жылының Еуропа мен Орталық Азия бойынша аймақтық үйлестірушісі, БҰҰ-дағы қазақстандық ерікті Зарина Мирабдуллаева сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Волонтерлер форумына қатысушылармен бірге суретке түсті.
Айта кетейік, Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамытуды көздейтін жаңа құжат әзірлеуді тапсырды.